19 сәуір күні Алматыда тоғызыншы Almaty Half Marathon өтті. Жарысқа 44 елден 10 000-нан астам қатысушы жиналды. «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырған жартылай марафон дәстүрлі түрде Қазақстандағы ауқымды жүгіру жарыстары маусымын ашады. Биыл Алматыға 44 елден 900-ге жуық жүгіруші келді. Бұл жартылай марафон тарихындағы рекордтық көрсеткіш.

Almaty Half Marathon дәстүрлі түрде жүгіру маусымын ашып, кәсіби спортшылар мен әуесқойларды біріктіреді. Қатысушыларға төрт қашықтық ұсынылды: жартылай марафон (21,1 км), 10 км жүгіру, 10 км скандинавиялық жүріс және Ekiden командалық эстафетасы. Жартылай марафонға 18 жастан асқан жүгірушілер, ал басқа қашықтықтарға 15 жастан бастап қатысуға рұқсат берілді.

Жарыс күні таңертең ерте басталды – сағат 6:30-да Тұңғыш Президент саябағында жүгірушілер KRIDA фитнес-клубының жаттықтырушылары өткізген ширату жаттығуларына жиналды. Бұл әрбір қатысушыға бұлшықеттерін қыздырып, буындарын алдағы жүктемеге дайындауға мүмкіндік берді.

Қашықтық бойында тәжірибелі пейсмейкерлер қарқын беріп отырды — оларды жоспарланған мәреге жету уақыты көрсетілген жалаулары мен ерекше жейделері арқылы тануға болды. Олар белгіленген қарқынмен жүгіріп, жоспарланған нәтижемен мәреге жетіп, қатысушыларға қашықтық бойында бағдар алуға және таңдаған стратегиясын ұстануға көмектесті.

Қор барлық қатысушылар үшін қауіпсіз сөре алып, қашықтықты сенімді еңсеруді басты міндеттердің бірі ретінде қарастырады. Осы тұрғыда пейсмейкерлер бағыт-бағдар беріп қана қоймай, маңызды алдын алу рөлін де атқарады: олар тым жылдам бастау немесе қарқынның біркелкі болмауы сияқты жиі кездесетін қателіктердің алдын алуға көмектеседі. Соның нәтижесінде қашықтық барысында артық жүктеме түсіру және өзін жайсыз сезіну қаупі азаяды.

Бірінші болып 10 км қашықтыққа және скандинавиялық жүріске қатысушылар сөреге шықты. Одан кейін жартылай марафоншылар мен Экиден эстафетасына қатысушылар шықты. Бағыт Тұңғыш Президент саябағынан басталып, көлік қозғалысы шектелген Әл-Фараби даңғылы бойымен өтіп, Орталық стадионда аяқталды.

21,1 км қашықтықтағы ерлер арасындағы абсолюттік біріншілікте Қытай өкілі Kuwan Anubaike 1:04:10 нәтижесімен жеңіске жетіп, 2024 жылы орнатылған трасса рекордын жаңартты. Екінші орынды Өзбекстаннан келген Бекзод Бойматов (1:04:55), үшінші орынды Қырғызстаннан келген Жусуп Сулайман уулу (1:05:13) иеленді.

Әйелдер арасында Украина өкілі Мария Мазуренко 1:15:26 нәтижесімен жеңімпаз атанды. Екінші орынды Ресейден келген Карина Костромина (1:16:15), ал үшінші орынды Қазақстан өкілі Ксения Авдеева (1:17:21) иеленді.

Қатысушылардың елеулі бөлігін шетелдік жүгірушілер құрады – Алматыға шетелден 821 қатысушы келіп, бұл жартылай марафон тарихындағы рекордтық көрсеткіш болды. Жалпы алғанда, іс-шара Азия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка және Таяу Шығыс елдерінің өкілдерін біріктірді. Қатысушылар саны бойынша алғашқы үштікке Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан кірді.

«Спорттық туризм – қаланы халықаралық деңгейде ілгерілетудің ең тиімді құралдарының бірі. Сондай-ақ, жүгірушілер көбіне жалғыз келмейді – әдетте олармен бірге отбасы мүшелері мен достары келеді, бұл туристік ағынды қосымша арттырады. Көптеген шетелдік қонақтар үшін жарысқа қатысу Қазақстанмен алғашқы танысуға айналып, қайта оралуға себеп болады. Біздің зерттеуімізге сәйкес, басқа өңірлерден және шетелден келген қатысушылардың 79,3%-ы Алматыға қайта келуді жоспарлап отыр – бұл жаңа сапарлар мен қаланың инвестициялық тартымдылығының артуын білдіреді», – деп атап өтті «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов.

Бұл үрдісті халықаралық зерттеулер де растайды – Almaty Marathon Mastercard компаниясы мен Almaty Tourism Bureau-мен бірлесіп дайындаған қаланың туристік әлеуетіне арналған талдауда қарастырылған. Онда ауқымды іс-шаралардың туристік ағын мен шығындардың өсуіне әсері атап көрсетілген.

Осы тұрғыда іс-шараға халықаралық қызығушылық артып келеді. Almaty Half Marathon халықаралық диалог алаңына айналып, оған түрлі туристік ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында Малайзия Елшілігінің туризм бөлімінің директоры Нор Шазли Азми бар. Оның қатысуы Қазақстандағы Малайзия жылы аясында ұйымдастырылып, туризм және мәдени алмасу саласындағы ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын көрсетеді.

«Tourism Malaysia Almaty Half Marathon-ды қолдап, оған қатысуға қуанышты. Бұл шара 10 000-нан астам қатысушыны біріктіріп, өңірде спорт пен белсенді өмір салты мәдениетінің қарқынды дамып келе жатқанын айқын көрсетеді. Малайзия да осы құндылықтарды ортақ деп санайды – елде жүгіру жарыстары мен спорттық бастамалар белсенді түрде дамып келеді. Visit Malaysia 2026 науқаны қарқын алған сайын, біз қатысушылар мен қонақтарды Малайзияны танып-білуге және оның бірегей алуан түрлілігін ашуға шақырамыз», – деп атап өтті ол.

Ұйымдастырушылар дәстүрлі түрде EcoNetwork және «Жылу» жобасымен бірлесіп экологиялық және қайырымдылық аймақтарын ұйымдастырды.

Мәре қалашығында EcoNetwork-пен бірлесіп эко-аймақ құрылды, онда қатысушылар қайта өңдеуге арналған қайталама шикізатты тапсыра алды. Барлығы 786,45 кг қалдық жиналды, оның ішінде қағаз, пластик, алюминий және пленка бар – бұл 2025 жылмен салыстырғанда шамамен 4,7 есе көп. Осылайша, шамамен 0,8 тонна қалдық полигонға жіберілмей, қайта өңдеуге бағытталды. Қор жарыстарында экологиялық тәжірибелер 2019 жылдан бері жүйелі түрде енгізіліп, әрі қарай дамып келеді.

Жүгіру жарысы қайырымдылық бастамаларға да мүмкіндік берді. Қатысушылар «Жылу» жобасын қолдап, сөреде жүгірушілер жылы киімдерін тапсырып, кейін олар жиналып, сұрыпталып, мұқтаж жандарға таратылды. Бұл бастаманы жыл бойы қолдауға болады — арнайы жәшік Ботаникалық бақтың кіреберісінде орнатылған.

Жарыс инклюзивті құрамды да қамтыды. Мәре қалашығында ана мен балаға арналған бөлме жұмыс істеді, бөлек дәретханалар қарастырылды, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған арнайы санитарлық тораптар орнатылды.

Жүгіруші ана болу, әсіресе кішкентай баламен, оңай емес. Almaty Half Marathon аясында ана мен балаға арналған арнайы бөлменің ашылуы белсенді әйелдерді қолдаудағы маңызды қадам болды және балаларымен бірге жарысқа қатысуды едәуір жеңілдетті. Бұл кеңістікте барлық қажетті жағдайлар: екі жөргек ауыстыру үстелі, пердемен жабдықталған емізу креслосы, тегін жөргектер, майлықтар мен жаялықтар, сондай-ақ жайлылық пен қамқорлық сезімін қалыптастыратын безендіру қарастырылған.

«Жыл сайын біздің қор ұйымдастыратын жарыстарға қатысатын әйелдер саны артып келеді, сондықтан әрбір қатысушының барынша жайлы әрі қауіпсіз жағдайда жүгіруі біз үшін маңызды. Өткен жылы қатысушы әйелдер саны 20%-ға артты. Әрқайсысының өз мақсатына жетуіне тілектеспіз, ал біз өз тарапымыздан қажетті жағдайларды қамтамасыз еттік», – деп атап өтті Almaty Marathon жарысының race-директоры, Trigada әйелдер жүгіру қауымдастығының тең құрылтайшысы Салтанат Қазыбаева.

Almaty Half Marathon Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.

Қордың келесі жарысы – Astana Half Marathon-ға тіркелу ашылды.

Jañalyqtar
Almaty Half Marathon-да рекордтық көлемде шикізат жиналды
Almaty Half Marathon 2026: көктемнің ең ауқымды жүгіру жарысы қалай өтті
Алматыда өткен жартылай марафонда Қытайдан келген қатысушы жарыс жолының жаңа рекордын орнатты