19 сәуірде Алматыда «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастыратын Almaty Half Marathon тоғызыншы рет өтеді. Көктемгі жарысқа әлемнің 44 елінен 10 000-нан астам қатысушы жиналады.

Қатысушыларға дәстүрлі қашықтықтар ұсынылады: жартылай марафон (21,1 км), 10 км, 10 км (скандинавиялық жүріс) және командалық эстафета – Экиден. Жартылай марафонға 18 жастан асқан жүгірушілер қатыса алады, ал басқа қашықтықтарға – 15 жастан бастап.

Бағыт Алматының көркем көшелерімен, таулар көрінісімен өтеді: сөре – әл-Фараби даңғылы бойындағы Тұңғыш Президент саябағы маңынан басталып, мәре – Орталық стадионда орналасатын болады.

Жалпы жарысқа 44 елден 10 000-нан астам адам қатысады. Ең көп ұсынылған елдер – Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан. Қатысушылар географиясы Еуропа, Азия, Солтүстік Америка, Австралия және Африканы қамтиды – олардың қатарында Франция, Германия, Канада, Оңтүстік Корея, Жапония, Австралия және Оңтүстік Африка Республикасы бар.

Жарыстың ұйымдастырушысы – «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры. Қор 2012 жылдан бері Орталық Азиядағы ең ірі жүгіру іс-шарасы – Almaty Marathon және басқа да бұқаралық жарыстарды өткізіп келеді. Қор ұйымдастыратын жарыстар халықаралық марафондар мен жүгірулер қауымдастығының (AIMS) күнтізбесіне енгізілген, ол 115 елдегі 445-тен астам іс-шараны біріктіреді, ал жартылай марафон трассасы World Athletics стандарттарына сәйкес сертификатталған.

«Бірінші болу - батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаеваның айтуынша, қатысушылардың қауіпсіздігін Алматы қаласы Полиция департаментінің өкілдері, жарыстың бас дәрігері және ұйымдастырушылар командасы қатысатын Іс-шараларды басқару орталығы қамтамасыз етеді, сондай-ақ «Сергек» бейнебақылау камералары қолданылады. Қашықтық бойында 13 веломедик, 90 медициналық волонтер, 8 медициналық пункт және 10 жедел жәрдем көлігі жұмыс істейді. Мәре қалашығында қызыл және сары аймақтарға бөлінген мәрелік госпиталь ұйымдастырылады. Жалпы алғанда медициналық көмекті қамтамасыз етуге 30-дан астам дәрігер мен орта буын мамандарын тарту жоспарланып отыр.

«Жүгіру жарыстарымыз қала экономикасына оң әсер етумен қатар, біз қатысушылар үшін жағдайды жүйелі түрде жақсартып келеміз: мәреде ана мен бала бөлмесі жұмыс істейді, ерлер мен әйелдерге арналған бөлек дәретханалар қарастырылған, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы дәретханалар орнатылады — Қазақстандағы жүгіру жарыстарын ұйымдастырушылар арасында бұл тәжірибені алғашқылардың бірі болып енгіздік. Сонымен қатар волонтерлік қозғалысты дамытып келеміз — биыл қашықтық бойында қатысушыларға 900-ден астам волонтер көмек көрсетеді. Әлеуметтік және экологиялық бастамаларды да күшейтіп отырмыз: қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастырып, «Тепло» жобасымен бірлесіп мұқтаж жандарға арналған киім жинау акциясын өткіземіз», — деп атап өтті Салтанат Қазыбаева.

Айта кетейік, «Almaty Marathon-ның қала экономикасына әсері» (2024) зерттеуіне сәйкес, марафон Алматы экономикасына айтарлықтай ықпал етеді. Жарыс өтетін екі күн ішінде шамамен 1 000 қатысушы 8 млн теңге көлемінде сатып алулар жасайды, ал серіктес компаниялардың салық төлемдері төрт жылда 318,9 млн теңгеден 873,9 млн теңгеге дейін өсті. Қалада тұрақты жүгіру экожүйесі қалыптасты: бүгінде Алматыда 40-қа жуық жүгіру клубы жұмыс істейді, тамақтану, медицина және спорттық жабдықтар салаларында инфрақұрылым дамуда.

Бұл ретте өзге өңірлерден және шетелден келген қатысушылардың 79,3%-ы Алматыға қайта келуді жоспарлап отыр — бұл жаңа сапарларды, қаладағы қосымша шығындарды және оған деген қызығушылықтың, соның ішінде инвестициялық тұрғыдан да, арта түсетінін білдіреді.

Халықаралық қызығушылық зерттеулермен де расталады: Almaty Marathon Mastercard компаниясы мен Almaty Tourism Bureau бірлесіп дайындаған қаланың туристік әлеуетіне арналған талдауға енген, онда ірі іс-шаралардың туристік ағын мен шығындардың өсуіне әсері атап өтіледі.

Еске салсақ, биыл Almaty Marathon 27 қыркүйекте өтеді және 16 000-ға дейін қатысушыны жинайды. Жыл сайын дәл осы  жарыстың сөрелік жарналарының бір бөлігі қайырымдылыққа бағытталады: 2012 жылдан бері жалпы сомасы 300 млн теңгеден асатын 30-дан астам әлеуметтік және медициналық жоба жүзеге асырылды. Тіркелу almaty-marathon.kz сайтында ашық.

Бас демеуші: Kaspi.kz

Almaty Half Marathon Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді.

Jañalyqtar
Мерейтойлық Almaty Marathon жаңа бағыттармен өтіп, 16 мың қатысушыны жинайды
Алматының тарихи орталығындағы кешкі жүгіру жарысына 1300 адам қатысты
Summer Relay 2026: аптап ыстыққа байланысты балалар қашықтықтары қысқартылады